«Ұлттық киімдегі ару»: Қазақша киінген Светлана Подобедова көпшілікті тәнті етті

Редактор
05.03.2024, 10:30

Ол қазақ отбасының келіні

Instagram

Ауыр атлетикадан екі дүркін әлем чемпионы Светлана Подобедова Наурыз мерекесі қарсаңында киетін ұлттық киім таңдап жатыр. Астанадағы киім дүкендерінің бірінен әйел адамдарға арналған тақия мен әшекейлі комзолды өлшеп көрген спортшы көпшіліктің пікірін сұрады.

Әлеуметтік желіде ұлттық киімде жүрген бейнежазбасын жариялаған ауыратлет көпшіліктің қолдауына ие болды.

«Жарасып тұр», «Нағыз қазақ қызы»,«Жарайсың», «Тек қана алға», «Бұрын ауыратлет болды деп ешкім айтпас еді» деген сынайда пікір жазып қалдырған.

Светлана Подобедова ауыр атлетикадан әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, бір мәрте күміс жүлдегері. 2009 жылы Азия чемпионы атанған. Сондай-ақ, 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында жеңімпаз болды. Лондон олимпиадасына қатысқан спортшы чемпион атанғанымен, 2016 жылы допинг сынамасына қатысты тестілеуден өте алмай, кейін Халықаралық Олимпиада комитеті оның жетістігін жоққа шығарып, медальды кері қайтаруын талап етті. Алайда, Подобедова пәтерден пәтерге көшіп жүрген уақытта Олимпада чемпионына тиесілі алтын медальды жоғалтып алғанын айтып, ХОК талабын орындамады.

Бүгінде Нұрлан Қарабалин есімді Қорғалжын тумасына тұрмысқа шыққан спортшы жұбайымен бірге бір ұл тәрбиелеп отыр. Жолдасы да спорттан құр алақан емес. Ол – ММА бойынша Астана қаласының аға бапкері.