Жарыс 14, 16 жасқа дейінгі спортшылар және ересектер арасында өтті
Түркияның Кайсери қаласында шаңғы тебуден Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының кубогы өтті деп хабарлады ұйымның баспасөз қызметі.
U14 әйелдер кубогын Валерия Дубовская (Қазақстан) жеңіп алса, осы жас ерекшелігіндегі ерлер кубогын Денис Шевченко (Қазақстан) иеленді. Бұл екі топтағы күміс және қола медальдарды тағы да қазақ спортшылары иеленіп отыр.
Ал, 16 жасқа дейінгі әйелдер кубогын – Ямур Сусам (Түркия), ерлер кубогын Метехан Айдын (Түркия) жеңіп алды.
Сондай-ақ ересектер арасында Всеволод Борзенков топ жарып, ТҮРКСОЙ кубогын жеңіп алды.
Қазақстанның Алматы қаласынан «Oi-Qaragai» шаңғы командасының негізін қалаушы әрі жаттықтырушы Борзенков Түркиядағы шаңғы базасына жоғары бағасын берді.
«Шаңғы жолдары өте керемет, ыңғайлы. Балаларға да, маған да қатты ұнап жатыр. Сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Бізге тек жарыста топ жарып жеңу ғана қалды. Топ жардық. Қазақстанның намысын қорғадық», – деді ол.
U14 және U16 санатындағы және ересектер арасындағы 60-қа жуық спортшы бақ сынасқан бәсекеге Қазақстанмен қатар, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы және Солтүстік Македониядан келген спортшылар қатысты.
Бұндай шараны өткізу – жастардың бауырлас, достық қарым қатынасын нығайтады дейді ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Сайт Юсуф.