«Көзінен қорқыныш көрдім»: таеквондошы Батырхан Төлеуғали Олимпиада жолдамасын қалай жеңгенін айтты

Редактор
19.03.2024, 14:10

Қазақстан құрамасы екі жолдамаға иелік етті

olympic.kz

Қытайдың Тайань қаласында таеквондодан Азия аймақтық іріктеу турнирінде Қазақстан командасы Олимпиаданың екі жолдамасына қол жеткізді. Екі лицензияның бірін 17 жастағы Батырхан Төлеуғали 80 келіде сынға түсіп жеңіп алған.

Жас спортшы ересектер қатарына өткен жылдың аяғында ғана өтіп, қазір Олимпиада ойындарына дайындыққа кірісті. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Тайаньға құр келмегенін көрсетіп, Париж жолдамасына қол жеткізіп отыр. Шешуші кездесуде ол Сауд Арабиясының өкілі, турнирдегі үздік спортшылардың бірі саналған Әли Мабрук әл-Мабруктен басым түсті.

«Кездесу алдында қарсыласымның көзіне қарадым. Оның сенімсіздігі қатты білініп тұрды, қорқып тұрғанын көрдім. Содан соң, өзіме деген сенім де арта түсті. Өздеріңіз көргендей, лицензия алып, ата-анамды, бапкерлерімді, күллі жанкүйерді қуантып жатқан жайым бар. Шыны керек, менде Парижге барамын деген сенім жоғары болды. Барша мамандар мен қалың жанкүйердің тілегі сенімімді шыңдай түсті», - деді Батырхан Төлеуғали.

Сондай-ақ, тағы бір лицензияны 20 жастағы отандасымыз Самирхон Абабакиров иеленіп отыр. Ол 58 келіде сынға түсіп, үш қарсыласын қапы қалдырды.