Милад Карими жарақатына қарамастан Париж Олимпиадасына қатысады

Редактор
20.03.2024, 17:53

Ол табанынан жарақат алған

olympic.kz

Спорттық гимнастикадан әлем чемпионатының қола жүлдегері, Олимпиада лицензиясының иегері Милад Карими Париж ойындарына қалай дайындалып жатқаны туралы оның бапкері Olympic.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

Ұлттық құраманың бас бапкері Александр Кимнің айтуынша, атлет табанындағы жарақат толық жазылу үшін әзірге еркін бағдарлама бойынша сынға түспейтін болып отыр. 

«Бакудегі әлем кубогы кезеңінде Карими табанын ауыртып алды. Негізі, жарақатты айтарлықтай ауыр емес. Десе де, біз оны жарысқа шығармай, дереу емдеуге көштік. Тіпті, Миладтың өзі де жарысты әрі қарай жалғастырғысы келіп, біраз қарсыласты. Бұл – спорт, көлденең жарақаттардың болары анық. Сол үшін тәуекелге бармай, дереу шешім қабылдадық», - деді бас бапкер.

Қазіргі таңда Милад жарақатына байланысты емделіп жатыр. Сонымен қатар, Катарда өтетін әлем кубогы кезеңі мен мамырда өтетін Азия чемпионатына дайындықты қоса алып жүр.

«Карими барлық снарядтағы жаттығуларын қиындатып, түрлі элементтер қосуда. Себебі, жүлде алу үшін бағдарламаң да мықты болуы керек. Әсіресе, Милад кермедегі жаттығуын жетілдіріп жатыр. Жоғары бағаланатын элементтерді орындап жүр. Бірақ ресми жарыстарда әлі бұл жағын көрсетпедік. Бакуде көрсетуді жоспарлағанбыз. Бірақ жағдай біз күткендей болмады», - деді Александр Ким.