Ризабек Айтмұқанның Олимпиадаға қатысатын мүмкіндігі бар

Редактор
20.03.2024, 23:38

Келесі лицензиялық турнир Түркияда өтеді

olympic.kz

Еркін күрестен Қазақстан тарихындағы алғашқы әлем чемпионы Ризабек Айтмұқанның Париждегі Олимпиада ойындарына қатысатын мүмкіндігі бар. Бұл туралы балуанның экс-бапкері Эдуард Барзов Tengri Sport тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Еске салайық, 19 жастағы Айтмұқан әлем чемпионатын 92 келі салмақта жеңіп алған болатын. Мұнан кейін ол Олимпиадаға қатысу үшін салмағын 97 келіге көтерді. Алайда, Қазақстан чемпионатында финалда ол Әлішер Ерғалидан жеңіліп, Парижге жолдама беретін Бішкектегі турнирге қатыса алмайтын болды.

«Ризабектің жолдамаға күресетін мүмкіндігі бар. Қазір Ерғали Бішкектегі лицензиялық турнирнге қатысады. Бұл жарыстан кейін Түркияда тағы бір әлемдік турнир өтеді. Егер Әлішер Ерғали Бішкекте жеңіліп қалса, Түркияға Ризабек Айтмұқан баруы керек», - деді Э.Базров.

Базров – Ризабекті әлем чемпионатына дайындаған бапкерлердің бірі. Ал, Қазақстан чепионатында балуан жаттықтырушысын ауыстырған екен.

«Мен Ризабекпен былтыр желтоқсан айында Осетияда болған оқу-жаттығу жиынынан кейін жұмыс істеуді тоқтаттым. Бұл екеуара жеке мәселелерге қатысты болды. Шешімді мен қабылдадым», - деді Ризабектің экс-бапкері.