Тбилиси турнирінде қазақстандық төрт дзюдошы жеңіліп қалды

Редактор
23.03.2024, 14:12

Бүгін Грузия астанасында ерлер 73, 81, әйелдер 63, 70 келіде бәсекеге түсіп жатыр

фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

Дзюдодан Тбилисиде өтіп жатқан Гранд Слэм турнирінің екінші жарыс күнінде татамиге шыққан Қазақстан спортшыларының арасында Екатерина Токаревадан басқасы жаппай жеңіліп қалды.

Бүгін Грузия астанасында ерлер 73, 81, әйелдер 63, 70 келіде бәсекеге түсіп жатыр.

Әйелдер арасында 70 келіде өнер көрсететін Екатерина Токарева бірінші айналыма бос болып, турнирді екінші кезеңнен бастады. Ол моңғолиялық Нуям-Ердем Батсумиден басым түсіп, енді 1/8 финалда словениялық Анка Поганчикпен күреседі.

Ерлер арасында 73 келіде күрескен Бақытжан Әбдірахманов бірінші айналымда бейтарап ту астында өнер көрсететін Ресей дзюдошысы Азамат Кабисовты ұтты. Алайда екінші айналымда тәжік спортшысы Әбубәкір Шеровке қарсы қауқар таныта алмады.

81 келіде ел намысын қорғаған Мәди Аманкелді бірінші кезеңде македониялық Эди Шерифовскийді ұтқанымен, одан кейінгі белдесуінде татами иесі, грузин Дмитри Гокшалайдзеге есе жіберді. 

Әйелдер арасында 63 келіде күрескен Кристини Сотникова бірінші белдесуінде румын дзюдошысы Флорентина Иванескуден ұтылып қалды. 

Кеше турнирдің бірінші жарыс күнінде Қазақстан дзюдошылары 1 алтын, 1 қола медаль иеленген еді. Ерлер арасында 60 келіде күрескен Нұрқанат Серікбаев чемпион атанса, 48 келіде белдескен Ғалия Тынбаева қола медальға қол жеткізді.

Материалда: