Қазақстан мергендері Бразилияда жолдамаға таласады

Редактор
28.03.2024, 23:59

Әзірге ұлттық құрамада Олимпиаданың бес жолдамасы бар

olympic.kz

Нысана көздеуден Қазақстан ұлттық құрамасы Бразилияда өтетін әлем чемпионатына аттанады. Сәуірдің 11-20 күндері Рио-де Жанейрода өтетін әлемдік додада қазақстандық 10 спортшы сынға түседі.

Ұлттық құраманың бас бапкері Ольга Довгун дүниежүзілік біріншілікте Арина Алтухова, Александра Ле, Ислам Сәтбаев, Никита Шахторин, Константин Малиновский, Елизавета Безрукова, Валерий Рақымжан, Эльдар Иманқұлов, Ирина Юнусметова, Руслан Юнусметовке сенім артылғанын жеткізді.

«Қазір біздің спортшылар қатысатын үш-ақ турнир қалды. Біз бұл бәсекелерге ұлттық құраманы түгел апарамыз. Өйткені, жолдама алған мергендеріміз де бабын жоғалтпауы керек. Шымкенттегі оқу-жаттығу жиыны аяқталған соң Бразилияны бетке аламыз. Дәл осы мемлекетте соңғы лицензиялық жарыс өтетіндіктен, барлық мүмкіндікті қолдануымыз қажет», - дейді Довгун.

Осыған дейін Қазақстан командасы нысана көздеуден Париж Олимпиадасына бес жолдама жеңіп алған болатын.