Қазақстан дзюдошылары Түркия турнирінің екінші күні түгел жеңіліп қалды

Редактор
30.03.2024, 16:12

Қоржында бір қола медаль бар

olympic.kz

Антальяда басталған Гранд Слэм турнирінің екінші жарыс күнінде татамиге шыққан барлық дзюдошыларымыз жеңіліп қалды.

73 келіде күрескен Данияр Шамшаев бірінші айналымда оңтүстіккореялық дзюдошыны ұтқанмен, екінші айналымда Испания өкілі Пена Инсаустиге шамасы жетпеді.

81 келіде Абылайхан Жұбаназар бірінші айналымда ресейлік Давид Карапетянға жол берді.

Әйелдер арасында 63 келіде татамиге шыққан Гүлнұр Баханова бірінші белдесуінде Дали Лилуашвилиден айласын асыра алмады. Осы салмақта белдескен Самалай Ерғалиева бірінші айналымда түрік өкілі Ақдениз Минелге қарсы қауқар таныта алмады.

70 келіде Екатерина Токарева бірінші айналымда Қытай, екінші кезеңде неміс балуанын ұтқан еді. Алайда ширек финалға шығар сында Нидерланды өкілі Ким Поллингке қарсы айла таба алмады.

Ертең турнирдің соңғы жарыс күнінде ерлер 90, 100, +100 келіде, әйелдер 78, +78 келіде белдеседі.

Бұл турнирде Қазақстан спортшысы Абиба Әбужақынова 48 келіде қола жүлдегер атанды. Ол биыл жыл басынан бері өзі қатысқан төртінші жарыста олжалы болып отыр.