Түркияға жарысқа барған Қазақстан дзюдошыларының барлығы дерлік жеңіліп қайтты

Редактор
31.03.2024, 20:35

Тек Абиба Абужақынова ғана бір қола медальға қол жеткізді

olympic.kz

Дзюдодан ANTALYA GRAND SLAM турнирінің соңғы жарыс күнінде татамиге шыққан Қазақстан ұлттық құрамасының балуандары түгел жеңіліп қалды.

Бүгінгі сында Әділет Сапарғалиевтен өзге балуандардың барлығы алғашқы айналымда қарсыластарына есе жіберді.

90 кг: Әнуарбек Ермахан испаниялық Даниэль Ниэтомен белдесуде жеңілуге мәжбүр болды.

-100 кг: Шархан Нұрлыхан даниялық Мациас Маценге жол берсе, Әділет Сапарғалиев бірінші белдесуінде түркіменстандық Баймұрат Мажановты ұтты. Алайда, екінші кезеңде Бразилия балуаны Леонардо Гонсалеске шамасы жетпеді.

+100 кг: Ерасыл Қажыбаев ресейлік Евгений Ендовицскиймен белдесуде осалдық танытты. Ал тараздық Ғалымжан Қырықбай Эстония дзюдошысы Турк Прилиннен ұтылды.

-78 кг: Аруна Жангелдина Хорватия спортшысына есе жіберсе, Маргарита Гриценко ұлыбританиялық спортшыға жол беріп, жарысты алғашқы айналыммен тәмамдады.

+78 кг: Ақерке Рамазанова оңтүстіккореялық спортшымен күресте қарсыластың осал тұсын таба алмады. Аса ауыр салмақтағы тағы бір балуанымыз Мадина Парағұлова өзбекстандық Рината Илматовамен сында жеңілістің кермек дәмін кезекті рет татты.

ANTALYA GRAND SLAM турниріне Қазақстан құрамасы ерлер және әйелдер санаты бойынша 20 спортшы апарған болатын. Алайда солардың ішінде 60 келіде Нұрқанат Серікбаев жарыстан бапкерлер шешімі бойынша босатылса, әйелдер арасында 48 келіде Абиба Әбужақынова ғана қола жүлдеге ие болып отыр.