Қазақстан гимнастшылары Түркия турнирінде екі жүлде иеленді

Редактор
02.04.2024, 11:55

Енді Қазақстан гимнастшылары 1-8 сәуір аралығына Хорватияның Озиек қаласында өтетін Challenge Cup турнирі жоспарланған турнирде сынға түспек

olympic.kz

Антальяда  спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының 4 спортшысы сынға түсіп, оның екеуі жүлдеге қол жеткізді. Ұлттық құраманың бас бапкері Александр Ким Түркияның Анталья қаласында өткен Challenge Cup турниріндегі спортшылардың нәтижесіне қорытынды жасады.

Бұл сында Нариман Курбанов гимнастикалық ат снарядында күміс медаль алса, Асан Салимов қол тіреп секіруден чемпион атанды.

«Қатысушылар саны лицензиялық әлем кубогімен салыстырғанда әлдеқайда аз. Әлемнің 27 мемлекетінен 100-ге жуық гимнаст бақ сынады. Біздің командадан үш спортшымыз финалдық кезеңге жолдама алды. Нариман Курбанов іріктеуде – бірінші, Зейнолла Ыдырысов үшінші орын алып, ақтық сынға өтті. Сондай-ақ, Асан Салимов қол тіреп секіруден бірінші орынмен финалға жолдама алған. Ілияс Азизовке еркін жаттығуда финалға өту үшін сәл ғана жетпей қалды. Гимнастикалық ат снарядында сынға түсетін Нариман комбинациясын қиындата түсті. Бірақ орындау барысында кішігірім екі қате жіберіп, иорданиялық спортшыны алға жіберіп алды. Алтын мен күмістің арасын небары 0,05 ұпай бөліп тұр. Украиналық гимнаст пен біздің Зейнолла бірдей ұпай алған. Бірақ қарсыласының бағдарламасы сәл қиындау болған соң, қола медаль соның еншісінде кетті. Зейнолла төртінші орында. Ал қол тіреп секіруден Асан Салимов өте сәтті өнер көрсетті. Екі мүмкіндігінде де жерге нық тұрып, жаттығуды сапалы орындады. Тиісінше, 14.300 ұпаймен бірінші орын алды», - дейді бас бапкер Александр Ким. 

Енді Қазақстан гимнастшылары 1-8 сәуір аралығына Хорватияның Озиек қаласында өтетін Challenge Cup турнирі жоспарланған турнирде сынға түспек.