Ол әлемдік рейтингте 24-орында тұр
Дзюдодан 60 келіде күресетін Мағжан Шамшадин ауыр жарақаттан соң құрамаға қайта оралады деп хабарлады olympic.kz спортшының бапкері Қален Қалиұлына сілтеме жасап.
«Мағжан өткен маусымның соңында жарақатына байланысты қатардан шығып қалды. Бәріміз үшін өте маңызды саналатын олимпиадалық циклде бірнеше турнирден тыс қалдық. Біз үшін Мағжанның денсаулығы маңызды. Сондықтан, жарақатынан толық айыққасын ғана жарысқа қатыстыруды дұрыс деп шешім қабылдадық. Қазіргі таңда Мағжанның денсаулығы жақсы. Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынындамыз. Мамыр айында Тәжікстанның Душанбе қаласында өтетін Гран-при турниріне, кейін Астанада өтетін Grand Slam турниріне қатысамыз деген жоспар бар», - деді бапкер Қален Қалиұлы.
Бүгінде Мағжан Шамшадин олимпиадалық рейтингте 2 889 ұпаймен 24-орында тұр. Сондай-ақ, бұған дейін сәуір айының 20-23 күнде өтетін Азия чемпионаты қатысатын құрам белгілі болды. Алайда, әзірге Мағжан Шамшадин құрлық біріншілігінде күреспейді.