Париж Олимпиадасының басталуына 100 күн қалды: Қазақстанда небәрі 32 жолдама

Редактор
17.04.2024, 11:02

Биыл 32 спорт түрінен 329 медаль өз иесін табатын болады

Фото ашық дереккөзден

Биыл Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының басталуына тура 100 күн қалды. 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтетін сында әлемнің екі жүзге тарта елінен 10 мыннан астам спортшы бақ сынамақ. 

Бірер күн бұрын Грекия астанасы Афиныда Олимпиада алауы жағылып, эстафета рәсімі басталған болатын. Енді бұл алау 100 күн өткенде әлемді айналып, Парижге жетеді деп жоспарланып отыр.

Айта кететін жайт, биылғы төртжылдықтың басты ойындарында Қазақстан споршылары да бақ сынайды. Әзірге ұлттық құрама саңлақтары Париж олимпиадасының 32 жолдамасына ғана қол жеткізіп отыр.

Оның ішінде бокстан (ерлер) – 6, нысана көздеу – 5, садақ ату – 4, семсерлесу – 4, тас жолдағы велоспорт – 3, қазіргі бессайыс – 2, таэквондо – 2, бокс (әйелдер) – 1, грек-рим күресі – 1, еркін күрес – 1, спорттық гимнастикадан – 1, батуттағы гимнастика – 1, жеңіл атлетикадан 1 жолдама иеленген.

2024 жылғы Олимпиада ойындарында спорттың 32 спорт түрінен 329 медаль өз иесін табатын болады.