Қазақстан намысын қорғап жүрген кениялық қыздың ісі қаралатын күн анықталды

Редактор
17.04.2024, 16:55

Оның Олимпиада ойындарына қатысуы екіталай

Reuters

Қазақстан азаматтығын алған кениялық желаяқ Нора Джерутоға қатысты World Athletics-тің қозғаған ісі бойынша Спорттық төрелік сотының (CAS) отырысы қай күні өтетіні анықталды. Легионер допинг қолданды деп айыпталып жатыр.

«Дядя Ваня» telegram-каналының мәліметінше, сот тыңдалымы 2024 жылғы 17 маусымға жоспарланған.

«Былтыр жеңіл атлетикадағы допингке қарсы күрес жөніндегі тәуелсіз ұйым Athletics Integrity Unit шешімімен 2022 жылғы әлем чемпионы Нора Джеруто жарыстардан уақытша шеттетілген болатын. Оған тыйым салынған препарат (ABP) қолданды деген айып тағылды.

АҚШ адвокаттары Тәртіптік трибунал өкілдерін Қазақстан атынан өнер көрсететін кениялық спортшының таза екендігіне сендіргенімен, бұл шешім World Athletics-тің көңілінен шыққан жоқ. Халықаралық жеңіл атлетика федерацияларының қауымдастығы CAS-қа шағым түсірді. Ескере кететін жайт, сот процесі Париж Олимпиадасына жеңіл атлетикадан олимпиадалық іріктеудің аяқталуына 13 күн қалғанда басталады», - делінген мәліметте.

Нора Джеруто – 2024 жылғы Олимпиада ойындарында медаль үшін таласа алатын бірден-бір қазақстандық спортшы. Алайда, жеңіл атлетикадан тұңғыш әлем чемпионы әзірге бірде бір іріктеу турниріне қатысқан жоқ.

«ҚР Жеңіл атлетика федерациясы сот шығынының көлемі қандай болғанын және оны кім өтегенін айтар ма екен?» – деп жазды дереккөз.