Біріккен күрес әлемі қазақстандық балуан Сұлтан Әсетұлын үздік спортшы деп таныды

Редактор
02.11.2023, 12:17

Ал әйелдер арасында америкалық Амит Элор осындай мәртебеге лайық болды

Фото ашық дереккөзден

Жақында Албанияда 23 жасқа дейінгі жастар арасында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған Сұлтан Әсетұлы дүние жүзі бойынша қазан айындағы үздік балуандар қатарына енді. Бұл туралы біріккен күрес әлемі шешім шығарып, грек-рим күресінде отандасымызды лайық деп тауып отыр.

Тирана қаласында өткен сында барлық қарсыласынан шеберлігімен басым түскен Сұлтан Әсетұлы Қазақстан тарихында 23 жасқа дейінгі жастар арасында классикалық күрестен әлем біріншілігінде жеңімпаз атанған алғашқы спортшы.

Бұған дейін Азия чемпионы атанған ол 67 келі салмақта әлем чемпионатының финалында түрік спортшысы Мұстафа Йылдырымды 2:1 есебімен жеңген болатын.

«Мен 23 жасқа дейінгі жастар арасында Қазақстаннан шыққан алғашқы чемпион болғаныма өте қуаныштымын. Алда мұнымен тоқтап қалмаймын, көп жаттығып, ересектер арасындағы әлем чемпионы болуға барымды саламын. Бұл жетістікке оңайлықпен жеткен жоқпын», - деген еді Сұлтан Әсетұлы.

Біріккен күрес әлемі Қазақстан балуанынан бөлек, әйелдер күресінен америкалық Амит Элорды да үздік деп танып отыр. АҚШ балуаны биыл 20 және 23 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы атанып қоймай, қыркүйек айында ересектер арасында да топ жарған болатын.