Counter-Strike 2 ойынынан әлем чемпионатында «Ресей» сөзін қолдануға тыйым салған

Редактор
05.05.2024, 02:12

Әлем елдерінің көбі Ресейден теріс айналуда

EGW.news

Биыл наурыз айында Данияда өткен Counter-Strike 2 киберспортынан әлем чемпионатында «Ресей» сөзін айтуға және Ресейдің саяси режимін тұспалдайтын кез келген тақырыпты көтеруге қатаң тыйым салынған. Бұл туралы киберспорт тақырыбында жазатын журналист Ричард Льюис мәлімдеген деп жазады cybersport.ru.

Атап айтқанда, комментаторлар мен сарапшылар «Ресей» сөзін мүлдем қолданбаған. Ал, инфографикалардан Ресейдің туы алынып тасталыпты. 

Аталған чемпионатқа Ресейден 18 киберспортшы қатысқан. Тағы бесеуіне виза берілмей келе алмады. Елдің мәдениет министрі Якоб Энгель-Шмидт болса РФ азаматтарына жарысқа қатысу талаптарын барынша күшейтуді тапсырған.

Қыркүйекте Данияда Dota 2 ойынынан әлем чемпионаты өтеді. Былтыр аталған турнирді ресейлік команда жеңіп алған болатын. Биыл оларды жарысқа қатыстыра ма, жоқ па – ол жағы әзірге белгісіз.

Еске салайық, 2022 жылы ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кіріп, басқыншылық соғысын жүргізгеннен кейін әлем елдерінің көбі Ресейге санкция салды. Шектеулер спортшыларға да қолданылды. Мәселен, биыл жазда болатын Париж Олимпиадасына Ресей мен Беларусь спортшылары тек бейтарап ту астында ғана қатыса алады.