Бұған дейін қоржында бір күміс медаль болған
Душанбеде (Тәжікстан) өтіп жатқан дзюдодан әлемдік Grand Slam турнирінде Қазақстан қоржыны бүгін екі қола медальмен толықты.
Атап айтсақ, 73 келі салмақта белдескен Дархан Қойбағар қола медаль алды. Кіші финалда олимпиадалық рейтингте 30-орында тұрған моңғолиялық Ерденбаяр Бацаямен белдесіп, қосымша уақытта жеңіске жетті.
Әлемдік рейтингте алғашқы жүздікке де енбейтін Дархан Қойбағардың әлемдік Grand Slam-де алған алғашқы жүлдесі.
Бұған дейін отандасымыз Өзбекстан, Оңтүстік Корея және Моңғолия балуандарынан басым түсіп, жартылай финалда швейцариялық қарсыласына жол берген еді.
Әсіресе, кореялық балуанмен белдесуі драмаға толы болды. Қарсыласы иппон әдісімен жасағанымен, төрешілер басы жерге тиді деп шешім қабылдап, оған шидо бергенін жазғанбыз.
Екінші қола медаль 81 келіге дейін белдескен Абылайхан Жұбаназардың еншісінде.
Ол қола жүлде үшін тартыста чехиялық Адам Копецкиді иппонға түсіріп, мерзімінен бұрын жеңді.
Осылайша, Жұбаназар әлемдік турнирдің жүлдегері атанып қана қоймай, олимпиадалық рейтингте маңызды ұпайға қол жеткізді.
Айта кетелік, Душанбедегі Grand Slam турнирінде кеше Мағжан Шамшадин (60 келі) күміске қол жеткізген.