Мағжан Шамшадин Тәжікстанда неге алтын медаль ала алмағанын түсіндірді

Редактор
06.05.2024, 17:22

Ол Душанбе төрінде қазақ әнұранын шырқатуды армандағанын айтады

olympic.kz

Душанбеде өткен дзюдодан Grand Slam турнирінде күміс медаль алған Мағжан Шамшадин финалдағы жеңілісінің себебін түсіндірді. Спортшы ұзақ үзілістен соң қатарға тез қосылған, деп жазады Olympic.kz.

Мағжан финалға жетер жолда жарақат алып қалғанын айтады

«Жарыстың жартылай финалында қабырғамды ауыртып алдым. Бапкерлерім ақтық сында күреспегенімді қалады. Қанша дегенмен, алда екі ірі жарыс бар. Соған өзімді сақтағаным да дұрыс қой. Бірақ күрескім келді. Әнұранды ойнатқым келді. Өзіме сенімді болдым. Тек ағайларым айтқан тактиканы ұстанбай, қызбалыққа салынып кеткенім кедергі болды. Салыстырмалы түрде қарасақ, алты ай үзілістен соң күміс медаль алу да жаман емес. Бірақ іште: «Әнұран ойнатқанда ғой» деген арман тұрады. Біздің мақсатымыз да сол – көк туды желбіретіп, Әнұранды беріле шырқау. Керемет сезім ғой бұл...Енді мұнда бұйырмаған алтын әлем чемпионатында қолға түссе екен», - дейді Шамшадин. 

Ол жарты жыл жарысқа қатыспай, үзілістен кейін бірден жүлдеге ілініп отыр. Енді Астанада өтетін Grand Slam-де алтын алуды көздейді.