«Рейтингте төмен тұр»: Елдос Сметовтің Олимпиадаға қатысуы екіталай

Редактор
10.05.2024, 09:37

Федерация басшылары Парижге кімді апару керегін өзіміз шешеміз деп отыр

Қазақстан дзюдо федерациясы

Еліміздің дзюдо федерациясының хатшысы Асхат Житкеев Елдос Сметовтің Париж Олимпиадасына қатысу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, Сметов рейтингте өте төменгі орында тұрғандықтан Париждегі ойындарға қатысу мүмкіндігін әзірге кесіп айту мүмкін емес. Егер ол Астанада өтетін Гранд Слэм турнирінде топ жарса ғана Парижге бару мүмкіндігі артады.

«Елдос өте беделді спортшы. Сонымен қатар, бізде оның өкшесін басып келе жатқан жас балуандар да бар. Турнирден соң жиын жасап, содан соң, әлем чемпионатынан кейін тағы жиналамыз. Бәрі әділетті болғанын қалаймыз. 

Иә, бұл тақырыпты бұған дейін де талқыладық. Рейтингте кім жоғары тұрса, сол спортшыны жібереміз деген шешім де болған. Егер ұпай айырмасы алшақ болмаса, Федерация, министрлік өкілдерімен бірлесе шешеміз. 

Команда ішінде тағы жарыс өткізу ойымызда жоқ. Меніңше, мұндай жағдай команданың көңіл-күйіне қатты әсер етеді. Өйткені, бізде бәрі үнемі бірге жаттығады. Одан да жауапкершілік бізде болсын. Команданы топқа бөлмейміз. Ортақ шешім қабылдаймыз. 

Ерлер арасында алты спортшымыз квотадан үмітті. Әйелдер арасында екі атлетіміз бар, тағы біреуін алуды жоспарлап отырмыз. 

Елдос әзірге рейтингте төменгі орында келеді. Алдағы турнирден соң көп нәрсе шешіледі. Қазір барлығы да оның өз қолында», - деді Житкеев Olympic.kz-ке берген сұхбатында.