Сметов пен Рахметқали Астана Гранд Слэмін жеңіспен бастап, өзгелері жаппай ұтылды

Редактор
10.05.2024, 11:41

Осы жарыстың нәтижесінде Олимпиадаға баратын спортшылардың таңдыры шешіледі

olympic.kz

Астанада дзюдодан QAZAQSTAN BARYSY GRAND SLAM турнирі басталды. Аталған сынға Қазақстан командасы толық құрамда қатысып жатыр.

Бүгін татамиге шыққан Елдос Сметов бірінші белдесуін жеңіспен бастады. 60 келіде татамиге шыққан ол алғашқы айналымда Португалия спортшысы Родриго Лопесті ұтты. Осы салмақта күрескен Шерзод Давлатов бірден моңғол спортшысынан ұтылды.

66 келіде Жанарыс Рахметқали бірінші белдесуінде Франция балуаны Томас Жаффарды ұтса, екінші айналымда Оңтүстік Корея дзюдошысы Ан Ба Улды шидомен жеңді.

Әйелдер арасында 48 келіде Алира Шегелекова Аустрия спортшысына есе жіберді.

52 келіде Әлима Жұмағалиева Испания өкілі Диез Маринадан бірінші белдесуінде ұтылып, жарысты аяқтады.

57 келіде Дана Әбдірова Финляндия спортшысы Пихла Салоненге қарсы қауқар таныта алмады. Осы салмақта Ұлдана Үсейін алғашқы кезеңде жапон спортшысына жол берді. Ал Бақыт Құсақбаева Польша спортшымен өткен кездесуде жеңіске жете алмады. Соңғы үмітіміз Дина Мұханбет Әзірбайжан балуаны Фидан Ализададан осал болды.