Ғалия Тынбаева Астанадағы Гранд Слэмнің чемпионы атанды

Редактор
10.05.2024, 17:49

Ол алтын медальмен бірге рейтингтік 1000 ұпайды да иеленді

Қазақстан дзюдо федерациясы

Астанада өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде 48 келіде өнер көрсеткен қазақстандық дзюдошы Ғалия Тынбаева жарыс жеңімпазы атанды.

Ол финалда ресейлік Сабина Гилиазованы (AIN) ұтып, ұлттық құрама қоржынынан алғашқы алтынды салды. Аталған жетістік Ғалия Тынбаеваның спорт мансабындағы Grand Slam турнирінен иеленген алғашқы алтыны болып отыр. 

Отандасымыз бүгінгі сынның жартылай финалында әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы, Grand Slam жарыстарының жеңімпазы франциялық Ширин Боуклиден басым түсті.

Енді әлемдік рейтингте Ғалия Тынбаеваның қоржынына 1000 ұпай қосылатын болады.

Айта кетейік, Астанадағы Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі мамырдың 10-12 аралығында өтеді.