Елдос Сметов ұзақ күткен жүлдесіне ие болды

Редактор
10.05.2024, 18:01

Бұл жүлдеге әйгілі балуан екі жылдан кейін ғана қол жеткізді

Қазақстан дзюдо федерациясы

Елдос Сметов Астанада Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде өз салмағында үздік үштікке енді. Ол бүгінгі сында 5 белдесу өткізіп, оның төртеуінде басымдық танытты.

Айта кететін жайт, бұл қола жүлде Елдос Сметовтің 2022 жылдан кейін иеленген алғашқы жүлдесі. Ол осыған дейінгі жарыстардың бәрінде жеңіліп келді.

Бүгін ол алғашқы айналымда Португалия, одан кейін Марокко спортшысын ұтып, ширек финалға шыққан болатын. Алайда, жартылай финал жолдамасы үшін өткен кездесуде Ресей спортшысына жол беріп, жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды.

Бұл ретте Сметов Түрікменстан спортшысы Айбек Өміровті қапы қалдырса, үшінші орын үшін өткен сында әзірбайжандық балуан Ахмад Юсиповты ұтты.

Бұған дейін әйелдер арасында 48 келіде Ғалия Тынбаева өз салмағында чемпион атанды. Одан өзге әйелдер құрамасының балуандары тегіс жүлдеден тыс қалды. Сондай-ақ, 66 келіде күрескен ерлер құрамасының мүшелері де сенімді ақтай алған жоқ.

Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand әлемдік додасында 1-орын үшін –1000, 2-орын үшін – 700, ал 3-орын үшін – 500 ұпай беріледі. Париж Олимпиадасына рейтингтік ұпай үлестретін соңғы Grand Slam бәсекесі мамыр айының 12-не дейін жалғасады.