Қазақстан қоржынында бір алтын, үш қола медаль бар
Астанада дзюдодан өтіп жатқан QAZAQSTAN BARYSY GRAND SLAM турнирінде Қазақстан құрамасының екі балуаны қола жүлдеге ие болды.
73 келіде белдескен Бақытжан Әбдірахманов маңызды кездесуде Ирландия өкілі Джошуа Гринді ұтып, Гранд Слэм турнирінде үшінші орынға тұрақтады.
Ол бүгінгі сында Франция, Черногория, Оңтүстік Корея, Ресей дзюдошыларын ұтып, жартылай финалға шыққан болатын. Бірақ финалға шығар сында Бақытжан Ресейдің тағы бір балуанынан айласын асыра алмады.
81 келіде Абылайхан Жұбаназар қола жүлде үшін күресте Швейцария балуанын ұтты. Отандасымыз бүгінгі жарыстан Гонконг, Молдова дзюдошыларын ұтып, ширек финалда жапон спортшысынан ұтылды. Дегенмен, жұбаныш белдесуінде Рио Олимпиадасының чемпионы Хасан Халмурзаевты ұтып, қола үшін күреске мүмкіндік алған болатын. Бұл сында ол өзіне артылған сенімді толығымен ақтап отыр.
Өкінішке қарай, әйелдер арасында 70 келіде күрескен Екатерина Токарева қола жүлде үшін күресте Ұлыбритания спортшысынан ұтылып, турнирді бесінші орынмен аяқтады.