Еркін күрес балуаны Рахат Қалжан Олимпиада жолдамасын алуға бір табан жақын

Редактор
11.05.2024, 20:12

Бұған дейін грек-рим күресінен – 2, әйелдер құрамасынан 6 балуан сынға түсіп, жолдамадан құр қалған болатын

olympic.kz

Стамбулда күрес түрлерінен өтіп жатқан бүкіләлемдік лицензиялық турнирде Қазақстан балуаны жартылай финалға шықты.

Еркін күрестен 57 келіде өнер көрсететін Рахат Қалжан жартылай финалға жолдама алып отыр. Ол енді АҚШ балуаны Спенсер Лимен өзара мықтыны анықтайды. Бұл сында жеңіске жеткен балуан Париж Олимпиадасының жолдамасына ие болмақ.

Ал 65 келіде күрескен Адлан Асқаров бірінші айналымда неміс балуанын ұтқанымен, келесі кезеңде Албания өкілі Ислам Дудаевтан 8:6 нәтижесімен ұтылды. Енді қарсыласы финалға шыққан жағдайда ғана оның жұбаныш белдесуінде сынға түсуге мүмкіндік туындайды.

74 келіде Нұрқожа Қайпанов 1/16 финалда Тәжікстан балуаны Виктор Рассадиннен өте алмады. Қазіргі уақытта тәжік балуаны ширек финалға шығып отыр. Егер ол финалға жетсе, отандасымызда мүмкіндік туындамайды. Дегенмен, бұл салмақта әлем мықтылары – Фракн Чамизо, Таймураз Салказанов, Сонер Демирташ сынды белді балуандар сынға түсіп жатыр.

Бұған дейін грек-рим күресінен – 2, әйелдер құрамасынан 6 балуан сынға түсіп, жолдамадан құр қалған болатын.