Даңқты дзюдошы Оно Сохэй қазақтарға разы болып кетті

Редактор
17.05.2024, 12:10

Оған ұлттық киім мен дәстүр қатты ұнаған

instagram.com/ono0203/

Өткен аптада Қарағандыға келген жапониялық дзюдошы Оно Сохэй әлеуметтік желіде Қазақстанға сапарынан бірнеше фотосурет жариялады. Олимпиада Ойындарының екі дүркін чемпионы қазақтардың құрметіне разы болып отыр. 

Қарағандыда Байшолақов атындағы спорт кешенінде екі күн шеберлік сағатын өткізген танымал спортшыға ұйымдастырушылар шапан жапқан болатын. Сондай-ақ, құрметті қонақты атқа мінгізіп, иен далада серуендеткен.

Қазақтың ұлттық киімін киіп, тазы жетектеп суретке түскен Оно ерекше салт-дәстүрдің өзі үшін қызық болғанын айтып отыр. Сондай-ақ, дзюдошыға қазақтың саптама етігі де қатты ұнаған екен.

Естеріңізде болса, 31 жастағы Оно Сохэй 8-9 мамыр күндері елімізге арнайы шақыртумен келген болатын. Үлкен спортта айтулы табысқа жеткен спортшы бүгінде әлем бойынша дзюдодан шеберлік сағаттарын өткізіп жүр. Ол Рио және Токио Олимпиадасында 73 келіде чемпион атанды. Сонымен қатар, 2013, 2015, 2019 жылдары әлем чемпионатында топ жарды.