Сметов Париж Олимпиадасына қатыса ма?

Редактор
20.05.2024, 19:10

Оның рейтингтегі ахуалы төмен

olympic.kz

Дзюдодан 60 келіде әлемдік рейтингте қазақстандық Мағжан Шамшадин 14-ші орынға көтерілді. Бұл тізімде отандасымыз Нұрқанат Серікбаев 17-ші, Елдос Сметов әзірге 26-шы орында тұр.

Жарақатына байланысты ұзақ уақыт бойы жарыстардан тыс қалған Мағжан мамыр айының басында Душанбеде өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын. Ал, Тбилиси турнирінен кейін жарыстарда жүлдеден тыс қалған Серікбаев әзірге өз орнын сақтап тұр. 

Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Сметов өткен аптада Астана Гранд Слэмінде үштікке енген еді. Алайда, әлем чемпионатындағы қола жүлде үшін күресте есе жіберген ол Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін үздік 16 дзюдошының қатарынан тыс қалып отыр.

Париж Олимпиадасының басталуына екі айдан астам ғана уақыт қалды. Рейтингтегі қазіргі көрсеткіш бойынша Сметовке төртжылдықтың басты ойындарына қатысуға мүмкідігі өте аз. Ендігі кезекте бапкерлерге Шамшадин мен Серікбаев арасындағы мықтыны апарудан басқа амал жоқ секілді.