Төрешілер ережені ыңғайына қарап өзгерте береді – дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері

Редактор
21.05.2024, 01:49

Қазақстан қоржынында әзірге жалғыз қола медаль бар

instagram.com/kaz_judoteam

Дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов алғашқы екі күнді қорытындылап сұхбат берді. Жаттықтырушы дзюдошыларымыздың сәтсіздігі түсіндірді.

– Алғашқы екі жарыс күнін қорытындылай кетсеңіз.

– Алғашқы күні Елдос Сметов пен Нұрқанат Серікбаев күресті. Елдос үшінші орын үшін таласта ұтылса, Нұрқанат екінші айналымда кәріс балуанына есе жіберді. Бірақ төрешілерге айтар уәжіміз бар. Ғұсман Қырғызбаевты көрдіңіздер, вазариді беріп тұрып алып тастады. Шынымды айтайын, мына ережені түсіне алмай-ақ қойдым. Бірде былай, бірдей былай шешім қабылдайды. Жас спортшылар тұрмақ, өмір бойы спортта жүрген біз түсіне алмай жатырмыз. Ғұсманның жағдайында Израиль спортшысына үш шидо беруі керек еді, керісінше, Ғұсманға беріп, соңында бір ұпайын алып тастады. Ол жерде таза вазари болған. Соны қалдырғанда күрес мүлде бөлек болар еді.

– Төрешілікке келіспеген жағдайда қандай шара қолданасыздар?

– Үзіліс кезінде шағымымызды жеткіземіз, бұл бірінші жағдай емес, тұрақты қайталанып келе жатқан дүние. Grand Slam-дерде де осы. Төрешіге барсаң, оларды ұстай алмайсың, себебі ережені ыңғайға келтіріп өзгерте беруге болады. Соңында кешірім сұрай салады, болды. Білесіздер, Данияр Шамшаевтың Ташкентте таза тастаған әдісіне ұпайды беріп тұрып алып тастады. Мұны айттық, көрсеттік, сол кешіріммен құтылды. Медаль кетті, ал біз бесінші орынмен қалдық. Апелляция береміз, нәтиже жоқ.

– Төрешілерге қандай шара қолданылады?

– Жарыстарға шығармаймыз деп айтады, бірақ жұмысын жалғастыра береді.

– Бұдан кейінгі күндер туралы не айтасыз?

– Екі салмақ қана қалды, себебі Абылайхан Жұбаназар денсаулығына байланысты бұл әлем чемпионатына қатыса алмайтын болды. 81 келі мен 90 келі жоқ. Енді 100 бен +100 келі қалды. Көреміз қалай боларын.

– Кешегі және бүгінгі сәтсіздіктерден кейін қалған спортшыларды қалай жігерлендіріп жатырсыздар?

– Басты мақсат – Олимпиадаға жолдама алу. Төрт спортшымыз рейтинг бойынша өтіп тұр, осыдан соң 66 мен 73 келінің мәселесі шешіледі. Спортшылардың өздері де мына режиммен бәсекелесу тым қиын екенін біліп отыр. Бірақ шамамыз келгенше жігерлендіріп жатырмыз, бәрі алда, қолдарыңнан келеді деп айтамыз.

– Жарыстар да тым тығыз болып кеткен секілді...

– Әрине, оны мен де айтқанмын. Себебі балалар салмақ қуады, бізге фармаколог, диетолог, психолог керек. Салмақ қуған адам қайта қалыпқа келуі керек. Оның бәрін қолымыздан келгенше істеп жатырмыз, бірақ уақыт тығыз, апта сайын жарыс болып кетті.

 – Парижге дейін қалыпқа келіп үлгере ме екен?

– Екі айдай уақыт бар ғой, ойдағыдай жұмыс істелсе, онда қалыпқа келеді. Бірақ ол үшін мамандар керек.

– Құрамаға француз маманы кеңесші болып келгелі не өзгерді? Әлде оның жұмысы тек келесі Олимпиадада көріне ме?

– Бұл кісі үлгермей жатыр, өйткені бізде буын алмасу процесі өтуде. Көптен бері күресіп келе жатқан төрт-бес спортшымыз карьерасын аяқтайтынын білеміз. Ал жас спортшылар енгізіліп жатқан өзгерістермен аз уақытта нәтиже береді деп ойламаймын. Уақыт керек.

Мадина Асылбек