Қазақстан дзюдошылары әлем чемпионатын жалғыз қоламен аяқтады

Редактор
23.05.2024, 16:19

Жалғыз медальді Абиба Абужақынова жеңіп алған

olympic.kz

Қазақстан дзюдошылары Абу-Дабидегі әлем чемпионатын жекелей сын бойынша аяқтады. Бүгін татамиге соңғы болып шыққан отандық спортшы Шархан Нұрлыхан алғашқы белдесуінде Швейцария балуанын ұтуға шамасы жетпеді.

Бойы ұзын қарсылас отандасымызға ыңғайсыздық тудырып, өз әдісін жасады. Белдесуде Шархан вазари ұпайын иеленген еді. Алайда, ол жеңіске жетуге мүмкіндік бермеді. Соңғы минуттар швейцариялық балуан айласын асырып, жеңіске жетті.

Бұған дейін аса ауыр салмақта Ерасыл Қажыбаев пен Кәмила Берліқаш жарысты аяқтаған еді.

Қазақстан дзюдошылары әлем чемпионаты басталғалы бері тек жалғыз қола медаль ғана иеленді. Аталған жүлде әйелдер құрамасының мүшесі Абиба Әбужақыноваға тиесілі. Сонымен бірге, Елдос Сметов бесінші орынға тұрақтаса, өзгелері үмітті ақтамады.