Ол әйелдер құрамасының балуаны Мария Седневаға үйленген, лицензиялық жарысқа да екеуі бірге барды
Олимпиада ойындарына жолдама беретін лицензиялық үш турнирге қатысып, бәрінде жүлдесіз қайтқан еркін күрес балуаны Нұрқожа Қайпанов жаңа көлік алды.
Бұл туралы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында бейнежазба жариялады. Онда балуанның өзі көлік жүргізіп, қасында әкесі мен інісінің отырғанын байқауға болады.
«Көлікті жүргізіп келе жатырмын. Бүгін салоннан алдық. Әке, әсер қалай? Інім, ұнады ма? Бұл көлік біздің әулетте сатып алған ең жаман көлігіміз осы болсын», - деді спортшы бейнежазбада.
Естеріңізде болса, Нұрқожа Қайпанов үш жыл қатарынан 74 келіде әлем чемпионатына қатысып, жүлдеден тыс қалды. Сонымен қатар, ол өткен жылы Сербияда, биыл Бішкек пен Стамбулда өткен лицензиялық турнирде Олимпиада жолдамасын ала алмады.
Ол әйелдер құрамасындағы Мария Седневамен бірге шаңырақ көтерген. Қос спортшы таяуда Стамбұлдағы сынға бірге барып, жолдамадан үмітті болған еді. Алайда, ерлі-зайыпты мақсатына жете алмады.