Париж Олимпиадасында Қазақстаннан алғаш рет екі маман күресте төрешілік етеді

Редактор
30.05.2024, 23:29

Бұған дейін тек Бақытжан Жақсығұлов төрешілік етіп келген

uww.org

Биыл Парижде өтетін Олимпиада ойындарында күрес түрлерінен еліміздің екі төрешісі қызмет ететін болды. 

Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, халықаралық төрешінің бірі – Ерік Жұмабеков болса, екіншісі – Юрий Лигай. Ерік Жұмабеков «Халықаралық төреші» категориясын 2009 жылы алған. Ал Игорь Лигай Токиода өткен жазғы ойындарға барып, жұмыс істеген болатын.

Енді Олимпиадаға шақырту алған барлық төреші маусымның 20-нан 24-не дейін Грекияда халықаралық күрес федерациясы ұйымдастыратын семинарға жиналады. Бұл басқосу төрешілер арасындағы қарым-қатынасты күшейтіп, дау тудыруы мүмкін сәттерді бейнебақылау арқылы көріп, талдау үшін қажет. 

Осыған дейін Лондон мен Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадада Қазақстаннан Бақытжан Жақсығұлов қызмет еткен болатын. Ол олимпиадалық дәрежедегі төреші 2007 жылдан бастап, осы уақыт аралығында ересектер арасындағы 6 әлем чемпионатында, 23 жасқа дейінгі үш әлем чемпионатында, жастар арасындағы төрт әлем чемпионатында, сондай-ақ екі Азия ойындары мен 14 Азия чемпионатында жұмыс істеген. Былтыр халықаралық деңгейдегі қызметін аяқтады.