Қазақстан балуандары Олимпиада алдында тағы бір ірі жарыста күресетін болды

Редактор
31.05.2024, 18:02

Олардың осы жарыста жинаған ұпайы Олимпиаданың жеребе тарту рәсімінде ескеріледі

olympic.kz

Күрес түрлерінен Париж Олимпиадасының лицензиясын иелегенген қазақстандық балуандар халықаралық турнирде күресетін болды. 

4-9 маусым күндері аралығында Венгрия астанасы Будапеште маусымдағы шешуші рейтингтік турнир өтеді. Аталған бәсекеге Париж Олимпиадасының жолдамасын алған балуандардың басым бөлігі қатысады.

Мәселен, бұл сында белдесетін 313 спортшының 134-і шілде айында Париждегі Олимпиадада өнер көрсетеді. Олардың Венгрия турнирінде иеленген ұпайы Олимпиаданың жеребесін тарту кезінде ескерілмек.

Қазақстаннан Будапештке баратын еркін күрес балуандары қатарында Азамат Дәулетбеков (86 кг), Әлішер Ерғали, Ризабек Айтмұхан (97 кг), Юсуп Батырмурзаев (125 кг) бар. Сондай-ақ, грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали (60 кг), Демеу Жадыраев (77 кг), Нұрсұлтан Тұрсынов пен Шамиль Ожаев (87 кг), Әлімхан Сыздықов (130 кг) та қатысады.