Әйелін ұрған Қазақстанның атақты дзюдошысы жұмыссыз қалды

Редактор
05.06.2024, 22:11

Оның үстінен қылмыстық іс қозғалған

365info.kz

Жақында танымал дзюдо балуаны, Атырау облысының Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов әйелін ұрды деген күдікке ілінген болатын. Бүгін ол қызметінен кетті.

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Ринат Ибрагимов лауазымды қызметінен өз еркімен кеткен.

Бұған дейін оның әйелі Ақмарал Үмбетқалиева видеоүндеу жариялап, күйеуінен тұрақты түрде «таяқ жеп» келгенін айтқан болатын. Тіпті, экс-спортшы оны мүгедекке айналдырамын деп қорқытқанын көрінеді. 2023 жылы шенеунікке қатысты «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғалған. Дегенмен, әйелінің сөзіне қарағанда, сол күйі ешқандай шара қолданылмаған.

Ринат Ибрагимовті көпшілік спортшы ретінде де жақсы біледі. Ол бірнеше жыл дзюдо күресінен ұлттық құрамада өнер көрсетіп, екі рет Олимпиадаға қатысқан, ал соңғы жылдары билік тізгінінде жүр. Алдымен Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болды. Кейіннен Мақат ауданының әкімі болды.

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі аудан әкіміне қатысты қылмыстық істің қаралып жатқанын растады.

«Қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотында қаралып жатыр. Келесі сот отырысы 29 мамырда сағат 10:00-де өтеді», - деп хабарлаған болатын облыстық соттың баспасөз қызметі.