Ол күрес түрлерінен Олимпиада медалін алған алғашқы қырғыз балуан
Грек-рим күресінен Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері атанған қырғызстандық Руслан Түйменбаев жаңа кәсіпке бет бұрды. Бірнеше жыл бұрын АҚШ асқан спортшы бүгінде өз отандастарына қолданыста болған көліктерді арнайы тапсырыспен жеткізіп береді.
Әлеуметтік желіде тікелей эфирге шыққан балуан өз оқырмандарына «Тойота Камри» автокөлігін көрсетіп, оны арнайы қырғыз жеріне жеткізіп бере алатынын айтты.
Ол мұндай қызметі үшін тиісті ақшаға келісіп, АҚШ-тан Дубайға, одан әрі Қырғызстанға 3 жарым ай ішінде көлікті жеткізеді екен. Оның эфирдегі жарнамасын көрген отандастары көлікке қатысты бірнеше сауал қойған.
Руслан Түйменбаев грек-рим күресінен 60 келіде Бейжің олимпиадасында қола жүлдеге ие болған еді. Ол айыр қалпақты ағайындардың егемендік алғаннан кейінгі тарихындағы Олимпиада жүлдесін иеленген ұлты қырғыз тұңғыш балуан. Оның алдында Сидней Олимпиадасында тәуелсіз Қырғызстанға Олимпиаданың алғашқы жүлдесін легионер қазақ дзюдошысы Айдын Смағұлов тарту еткен болатын.