Сметов пен Шымбергеновке Жамбыл облысының әкімі 2 миллион теңгеден берді

Редактор
11.06.2024, 09:18

Жалпы, Жамбыл облысынан Олимпиадаға барлығы 5 спортшы жолдама алған

Жамбыл облысының әкімдігі

Жамбыл облысынан Париж Олимпиадасына қатысатын дзюдошы Елдос Сметов пен бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов әкімдіа тарапынан қомақты ақшалай сыйлыққа ие болды.

Маңызды жарыс алдында Жамбыл облысы әкімінің қабылдауында болған оларға Ербол Қарашөкеев 2 миллион теңгеден сыйақы табыстады.

Бұған дейін екі Олимпиадаға қатысып, жүлде алған Елдос Сметов 7 маусым күні Алматыда өткен спаррингтік белдесудің нәтижесінде Париж додасына ел атынан баратыны белгілі болды. Ал бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов наурыз айында Италияда өткен лицензиялық турнирде Олимпиада жолдамасына ие болды.

Жалпы, Жамбыл облысынан Олимпиадаға 5 спортшы лицензия иеленген. Олардың ішінде еркін күрестен Азия чемпионы Әлішер Ерғали, дзюдодан Азия чемпионы Данияр Шамшаев, қазіргі бессайыс спорт түрінен Азия чемпионы Георгий Борода-Дудочкин сынды спортшы бар бар.

Айта кететін жайт, Париж Олимпиадасының ашылу салтанатында еліміздің туын ұстау Асланбек Шымбергеновке жүктеліп отыр.