Париж Олимпиадасында Ринер мен Лопес тағы рекорд орнатуы мүмкін

Редактор
18.06.2024, 13:27

Классик балуан Михайн Лопес биыл 42 жасқа аяқ басып отыр

Reuters

Париж Олимпиадасында күш қолданылатын спорт түрлерінен әлемнің даңқты балуандары бесінші жүлдесін иеленіп, жаңа көрсеткіштерге қол жеткізуді көздеп отыр.

Шілде айының соңында Францияда алауы тұтанатын төртжылдықтың басты ойындарына грек-рим күресінен 4 дүркін Олимпиада чемпионы Михайн Лопес қатысады. Ал дзюдодан жекелей сын бойынша Олимпиаданың 2 дүркін чемпионы, 2 дүркін қола жүлдегері Тедди Ринер татамиге шықпақ.

Классик балуан Михайн Лопес биыл 42 жасқа аяқ басып отыр. Жасының егде тартқанына қарамастан ол әлемдік рекордты кезекті рет жаңартуды көздейді. Бұған дейін ол Токио Олимпиадасында 4-ші алтынын ұтып, Александр Карелиннің рекордын өзгерткен еді. Содан бері еш жарысқа қатыспаған Куба алыбы Франциядағы Ойындарға қатысуға белді бекем буып, тас түйін дайын екені мәлім болды.

Бұл елдің құрамасында белдесетін Оскар Пино Олимпиада жолдамасын былтыр иеленген болатын. Алайда ол аңыз спортшы үшін өзінің жолын беруге мәжбүр.

Бұдан бөлек, дзюдо аңызы 35 жастағы Тедди Ринер де Олимпиаданың үш дүркін жеңімпазы атану үшін барын салады. Ол осыған дейін 4 Олимпиадада 5 жүлде иеленсе де, нәтижесіне көңілі толмайтын сыңайлы. Сонымен бірге, Токиода командалық сында топ жарғанымен, бұл жетістігі оның үш дүркін Олимпиада чемпионы деуіне әлі де томпақ келіп отыр. Себебі, әйгілі жапон балуаны Номураның рекордын жаңарту Ринердің ең басты арманына айналған.

Жалпы, спорттық гимнастика, жеңіл атлетика, жүзу спортында бірнеше дүркін Олимпиада чемпиондары өте көп. Ал күш қолданылатын спортта, оның ішінде күрес пен дзюдода мұндай мықтылар санаулы ғана. Сондықтан, әлем таныған дарабоз спортшылар өздерінің рекордын ешкім бұза алмайтындай етіп орнатуды көздейтінін аңғару қиын емес.