Дағыстанда полицейлерді өлтірген террористердің бірі Хабиб Нурмагомедовтің шәкірті болуы мүмкін

Редактор
24.06.2024, 09:02

Ресейлік басылымдар оның MMA турнирлерінде төбелескенін жазуда

газета.ru

23 маусымда Дағыстанның екі бірдей қаласында (Махачкала мен Дербент) болған террористік шабуыл салдарынан он адамның қаза тапқаны хабарланып отыр. Көз жұмғандардың сегізі полиция өкілдері болса, біреуі шіркеу қызметкері болған. Сондай-ақ, алты лаңкестің көзі жойылған.

Атыс кезінде қаза тапқан лаңкестердің бірі – Eagles MMA клубының файтері Гаджимурат Кагиров болуы мүмкін. Бұл туралы ресейлік БАҚ-тар жазуда. Аталған клубты Хабиб Нурмагомедов ашқан.

Айта кетейік, 23 маусымда кешке Дербент қаласында суық қаруланған топ шіркеу мен синагогаға, ал Махачкалада полиция бөлімшесіне шабуыл жасады. Лаңкестер синагоганы өртеп жіберсе, православ шіркеуінің өкілін атып тастаған.