Азия волейболының үздігі: вьетнамдық бойжеткеннің жынысына қатысты күдік пайда болды

Редактор
24.06.2024, 18:04

Ол қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс

Фото ашық дереккөзден

4-7 шілде күндері Манилада (Филиппин) волейболдан әйелдер командалары арасында Үміткерлер кубогы өтеді. 2025 жылғы Ұлттар лигасының жолдамасына сегіз команда таласса, соның ішінде Вьетнам қыздары да бар. 

Есте болса, Азияның кубок финалында вьетнамдық қыздар Қазақстан құрамасын ұтып, бұл ойында әсіресе 24 жастағы Нгуен Тхи Бич Туен ерекше көзге түскен боглатын. 26 ұпай жинаған ол турнирдің MVP ойыншысы да атанды.

Нгуеннің (бойы – 188 см) шабуыл жасағандағы соққыларының жойқын болғаны соншалық, көпшілік оның шынымен де қыз бала екеніне шүбә келтіре бастады. Мұндай сыбыстың тарауына оның сыртқы келбеті де себеп болып тұрғандай. 

Бич Туен бірнеше жыл бойы денсаулығына, жарақатына байланысты құрама сапында ойнаудан бас тартып жүрді. Бірақ оның жынысына қатысты күдік бұған дейін де туындаған. 2021 жылы Таиланд репортері өзінің материалында оны «ер адам» деп атап, кейіннен сол сөзі үшін кешірім сұрағаны бар. Тілші бұл арқылы волейболшының күшіне баға бергенін айтып ақталды. 

Ал, 2023 жылы чемпионаттың беделді демеушілерінің бірі Duc Giang Chemical компаниясы спортшыға жыныстық тестілеуден өту туралы талап қойып, жанкүйерлер мен өзге клубтардың тарапынан айтылатын сынға нүкте қоюды құп көрді. Бірақ қоғам өкілдері мұның бөліп-жару екенін алға тартып, бойжеткеннің ар-намысын қорғады.

Ұзақ үзілістен кейін Нгуеннің құрамаға оралуына Вьетнам лигасы себеп болды. Өйткені олар ұлттық құрамаға қосылғысы келмейтін кез келген ойыншы 2024 жылғы ел чемпионатына да қатыстырылмайтынын ескертті.

Бүгінде Нгуен – Вьетнам чемпионатының ең қымбат волейболшысы. Ол айына 50 млн донг табады, теңгеге шаққанда бұл шамамен – 914 мың.