Ақтөбелік кәсіпкер спорт мектебіне «асыл тұқымды» деп қарапайым мініс жылқыларын сатып кеткен

Редактор
28.06.2024, 12:34

Мектеп басшылары жылқының тұқымына қарамай ақшаны аудара салған

Pixabay/Wolfgang Claussen

Ақтөбедегі спорт мектебі асыл тұқымды бес жылқы сатып аламыз деп, кәсіпкерге алданып қалған. Енді тендерді жеңіп алып, оның талабын орындамаған мердігер келтірілген шығынды өз қалтасынан өтейді деп хабарлады КТК телеарнасы.

Аудиторлар аталған спорт мектебін бір жыл бойы тексерген екен. Нәтижесінде асыл тұқымды деп сатып алған бес тұлпардың қарапайым мініс жылқысы екені анықталыпты. Ал, мектеп басшылары мұны заң бұзушылық деп ойламаған тәрізді, «мініске жараған соң ала салдық» дейді. Ақшасын да «аудара салыпты».

Ең қызығы, тенерді жеңіп алған мердігер кәсіпкер алыстан келмеген, ол осы мектеп есепшісінің анасы екен. Төрт жыл бойы мектеп малдың жем-шөбін де осы кәсіпкерден сатып алып отырған.

Енді сот шешімімен есепшінің анасы асыл тұқымды жылқыларға бөлінген қаражатты бюджетке қайтарады.

«Сотта жауапкер жеткізген бес бас көкпар спорт жылқыларының техникалық ерекшелігі шартқа сәйкес келмейтіні анықталды. Жауапкер сотқа осы жылқылардың асыл тұқымға жататынын дәлелдейтін құжаттарды, яғни асыл тұқымды деген куәлікті ұсынған жоқ», - дейді Ақтөбе облысы сотының баспасөз қызметінің бас маманы Жансая Таирова.