«Сөзінде тұрды». Баспаналы болған легионер балуан Ақтөбе облысының әкіміне жоғары баға берді

Редактор
01.07.2024, 22:33

Дағыстан аймағында туған Юсуп спортшы үшін ең басты міндеттерді де атап өтті

«Спорт министрі»

Еркін күрестен Париж Олимпиадасының жолдама иегері, ұлттық құрама мүшесі Юсуп Батырмырзаев Ақтөбе әкімінен алған пәтерге қатысты пікір білдірді. Ол «Спорт министрі» арнасына берген сұхбатында Асхат Шахаровты «жақсы жігіт» деп бағалады.

«Ақтөбе облысы әкімдігі үй берді. Бұл бізге қосымша мотивация. Үлкен сенім. Бізге адамдар осы арқылы үміт артады. Соны біз ақтауға барымызды саламыз. Енді уайымсыз күресеміз. Бұған дейінгі Ақтөбенің әкімі уәде беріп, кейін орындалмай қалып еді. Кейінгі әкім Асхат Шахаров сөзінде тұрды. Жақсы жігіт. Өзі күрескен соң спортшылардың жайын біледі», - деді Юсуп Батырмырзаев.

Батырмырзаев сәуір айында Бішкекте өткен лицензиялық турнирде жолдама иеленген соң оған Ақтөбеге оралғанда баспана сыйлаған болатын. Сондай-ақ, оған өңір азаматтары жеңіл көлік те сыйлады.

Ресейдің Дағыстан аймағында туған Юсуп спортшы үшін ең басты міндеттерді де атап өтті.

«Спортшыға керек ең бастысы ол - тәртіп. Тәртіп болмаса қиын. Бапкерді тыңдау керек. Жатпай-тұрмай еңбектенуге тиіспіз. Сол арқылы мақсатқа жетесің. Соған сенуің керек. Спортшы бұл жолда бәріне шыдауы тиіс. Өзім еркін күреспен бесінші сыныптан бері айналысып жүрмін», - деді Батырмырзаев.

Айта кететін жайт, Ю.Батырмырзаев еліміздің еркін күрес шеберлеріне тиесілі 3 жолдаманың бірін иеленген. Ол Токио Олимпиадасының қатысушысы. Алайда іріктеу кезеңдерінде есе жіберіп, Жапониядағы ойындардан олжасыз оралды.