Ресей құрамасындағы қазақ балуаны Олимпиадаға бару мүмкіндігінен айрылды

03.07.2024, 10:34

ХОК ресей балуандарына қатаң шаралар қарастырып жатыр

Wrestlersarewarriors.com

Грек-рим күресінен 77 келіде Ресей құрамасының балуаны, Омбы облысының тумасы Әділет Төлебаев Париж Олимпиадасына бару мүмкіндігінен айрылды.

Биыл ақпан айының соңында Румынияда өткен Еуропа чемпионатында қола жүлдегер атанған қандасымыз Ресей құрамасындағы негізгі балуанның бірі. Алайда, сәуір айында Бакуде өткен лицензиялық турнирде Әділет іріктеу кезеңінде сүрініп, жолдамадан тыс қалған болатын.

Кейін Стамбұлда бұл салмақта ресейлік Сергей Кутузов Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленгенімен, Парижге кімнің баратыны әзірге белгісіз болатын. Алайда, Халықаралық Олимпиада комитеті Ресей балуандарына шектеу қоюдың нәтижесінде 77 келідегі жолдама АҚШ балуаны Камал Бейге берілді. Осылайша Ресейде тұратын этникалық қазақ балуаны Париж Олимпиадасына қатысу мүмкіндігінен айрылып отыр.

Бұған дейін ХОК Ресейдің еркін күрес балуандарына да шектеу қойған. Оның ішінде Токио Олимпиадасының 3 чемпионына Парижде күресуіне тыйым салынды. Сонымен қатар, көрші елдің дзюдошылары да Франциядағы ойындарға қатыспайтын болды.