Қазақ балуандарының қарымды қарсыласы болған танымал спортшы өмірден озды

Редактор
04.07.2024, 09:54

Жақындары оның мәйітін үйінен тапқан

tonyrotundo.smugmug.com

Грек-рим күресінен Грузияның танымал балуаны балуаны Нугзари Цурцумия 27 жасында қайтыс болды. Жақындары оның мәйітін елдің солтүстік-батысында орналасқан Хоби қаласындағы үйінен тапқан.

Әзірге спортшының өлімінің нақты себебі белгісіз. Нугзари Цурцумия ұзақ жылдар бойы 55 келіде белдесіп, соңғы өткен 5 әлем чемпионатында қатарынан жүлде алды. Мәселен, 2018 және 2021 жылдары қола жүлдегер атанса, 2019 Астанада өткен әлем чемпионатында жеңімпаз болды. Сол жолы ол финалда қазақстандық Қорлан Жақаншадан басым түсті. Ал 2022-2023 жылдары финалға дейін жетіп, әлем чемпионатының қос күмісіне ие болды.

Сондай-ақ, ол Еуропа чемпионатының 4 дүркін жүлдегері.

Әлеуметтік желідеде Нугзаридің қазасы туралы көптеген спортшылар жазба жариялады. Марқұм балуанның бозкілемдегі қарсыласы Қорлан Жақанша «Бозкілемде бірге жүрген соң бөтен деген жоқ. Грузияның туын жықпаған батыр балуан еді... Өкінішті!» деп жазды.

Ал Бразилия атынан күресетін этникалық қазақ спортшысы Марат Гарипов те марқұмның жақындарына көңіл айтып, оның өзінің жақын досы екенін атады.