Олимпиада формасын тіккенде киімнің матасына ерекше назар аударылған
Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі Диас Ахметшәріп Кazinform тілшісіне эксклюзив сұхбат беріп, Париж Олимпиадасына арнайы тігілген ұлттық форма туралы айтып берді.
Бірінші болып форманы боксшылар мен дзюдошылар және жеңіл атлеттер қолдарына алған. Спортшылардың алғашқы легі 20 шілдеде Парижге аттанады. Оған дейін барлығы киіммен қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Әрине, бірден ұнатты, көңілдерінен шықты. Себебі – форма өте сапалы материалдан, спортшыларымызға ыңғайлы етіліп тігілген. Олимпиада ойындары тұсында Париж қаласы өте ыстық болуы мүмкін. Сол себепті біз киімнің матасына ерекше назар аудардық. Ыстықта ауа өтетіндей, терлегенде денеге жабысып, жүріп-тұрғанда тырысып қалмайтыындай өте жеңіл, денеге барынша ыңғайлы матаны таңдадық.
Дизайынын да осыған дейін таныстырғанда өздеріңіз көрдіңіздер. Тігісі де өте сапалы шықты. Содан да болар форманы алған спортшыларымыз өте жоғары деңгейде бағалап, разылықтарын білдірді.
Тіпті, «мына форманы киіп барып, жүлдесіз келу мүмкін емес» деп айтып жатыр. Лайым, солай болғай, жетістігіміз көп болсын деп тілей берейік…, – дейді Диас Ахметшәріп.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде олимпиада формасына қатысты сын айтылып жатқанын жазған едік.