АҚШ-тың спорт сарапшылары қазақ спортшыларының Олимпиададағы әлеуетін болжады

Редактор
25.07.2024, 02:10

Сарапшылар пікірінше, дзюдо мен грек-рим күресінен Қазақстан балуандары жүлде ала алмайды

olympic.kz

АҚШ-тың белгілі Sports Illustrated журналы Париж Олимпиадасының алдында кезекті болжамын жасады. Ғаламдық спорт додаларында қандай спортшының жүлде алуы мүмкін екенін алдын ала сараптайтын басылым Қазақстан атлеттерінің әлеуеті туралы айтты.

Басылымның болжамына сенсек, Қазақстан құрамасының мүшелері Парижде аса көп жүлде алмайды. Олардың пайымынша, отандық спортшылар арасынан тек 5-6 атлет қана үздіктер үштігіне енуі мүмкін. 

Sports Illustrated жасаған жүлдегерлер тізіміне еркін күрестен Азамат Дәулетбеков енген. 86 келіде күресетін отандасымыз Париждегі ойындарда финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде ирандық Хасан Язданиге жол береді-міс.

Ал, стенд атудан Мария Дмитриенко өз бағытында үздік үштікке енеді. Басылым болжамынша, отандасымыз Испания мен Сан-Марино спортшысынан кейін қола жүлде иеленетін әлеуетке ие деп бағаланып отыр.

Ал спорттық гимнастикадан қазақстандық Милад Карими екі қола жүлде алады деп күтілуде. Америкалық басылым отандасымызды турник пен еркін жаттығудан жүлде алатын мүмкіндігі бар деп бағалады.

Айта кететін жайт, Sports Illustrated сарапшылары дзюдо мен грек-рим күресінен қазақ балуандарын жүлдегерлер қатарына қоспаған.  Сондай-ақ, бокстан Асланбек Шымбергенов (71 кг) пен Карина Ибрагимова (57 кг) ғана қола жүлде алады деп болжаған.