Қазақстан дзюдошыларының Париж Олимпиадасындағы қарсыластары анықталды

Редактор
25.07.2024, 17:55

Қазақстан құрамасының 8 дзюдошысы турнирді бірінші айналымнан бастайды

ҰОК

Дзюдодан Париж Олимпиадасының жеребесі тартылды. Қазақстан құрамасының 8 дзюдошысы Франция астанасындағы ойындарда турнирді бірінші айналымнан бастайды.
 
Ерлер арасында 60 келіде Елдос Сметов бірінші айналымда нидерландтық Торнике Тсакодеамен белдеседі. Бұл спортшымен отандасымыз Токио Олимпиадасының қола жүлдесі үшін кездесіп, жеңіске жеткен болатын. Одан өткен жағдайда Украина-Өзбекстан дзюдошылары жұбының жеңімпазымен сынға түспек. Ал ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, қытайлық тайпей өкілі Янг Юнг Веймен кездесуі мүмкін.
 
66 келіде Ғұсман Қырғызбаев бірінші кездесуін Испания балуаны Гарсия Торнеге қарсы өткізеді. Одан өткен жағдайдан кейін БАӘ мен Оңтүстік Корея өкілінің бірімен жолы түйіспек.
 
73 келіде Данияр Шамшаев өзбек дзюдошысы Муроджон Юлдошевпен күреседі. Жеңіске жеткен жағдайда АҚШ-Молдова балуандары жұбының мықтысымен шеберлік байқасады деп үміттенеміз.
 
81 келіде Абылайхан Жұбаназардың алғашқы қарсыласы Венгр дзюдошысы Унгвари болмақ. Одан өтсе осы салмақтың мықтысы Маттияс Кассе күтеді.
 
-100 келіде Нұрлыхан Шарқан алғашқы айналымда Бельгия мықтысы Иван Никифоровпен өзара мықтыны анықтайды. Одан кейін өзбекстандық Музафарбек Туробоевпен күресуі мүмкін.
 
Әйелдер арасында -48 келіде Абиба Әбужақынова Израиль дзюдошысы Шира Ришонимен қарсылас атанды. Бұдан кейін Тайпей және Колумбия дзюдошылардың қай жеңгенімен күреспек.
 
63 келіде Эсмигул Куюлованың алғашқы қарсыласы Аустрия дзюдошысы Пьовесана Лубяна атанды. Одан өтсе Аустралия мықтысы Геккер Екатеринамен белдеседі.
 
+78 келіде Камила Берліқашқа алғашқы қарсылас ретінде моңғол қызы Амарсайхан Адьясүрэн атанды. Одан кейін Түркия спортшысымен күресуі мүмкін.
 
Аралас құрама бәсекесі бойынша Қазақстан Бразилиямен кездеседі. Одан кейін Аустрия мен Германия жұбының жеңімпазымен сынға түседі.