«Сырға салды». Елдос Сметов Ғұсман Қырғызбаевтың қызына құда түскен

Редактор
30.07.2024, 09:44

Сметов пен Қырғызбаев бесік құда болған

instagram.com/ yeldos60kg

Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында дзюдодан алтын және қола медаль жеңіп алған Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев бір-біріне бесік құда екені белгілі болды. Бұл туралы балуан Ғұсман Қырғызбаев Kazinform тілшісіне айтып берді.

«Елдос екеуміз бір-бірімізге құдамыз. Бір күні Елдос әйел баласымен үйіме қыдырып келді. Әңгіме арасында Елдос маған «екеуміз қаншама уақыттан бері бірге күресіп, бірге келе жатырмыз. Қайда барсақ та бірге барамыз. Оқу-жаттығу жиындарына да, жарыстарға да бірге аттанамыз. Арамыздан қыл өтпестей доспыз. Бірдеме айтсам ренжіп қалмайсың ба» деді. Көңілімде ештеңе жоқ, берден «айта бер, ренжімеймін» дедім. «Екеуміздің достығымыз мәңгілік болсын. Сенде қыз бар, менде ұл бар. Сенің қызыңа ұлымды қазақы дәстүрмен атастырғым келіп отыр. Бүгінгі достар болашақта құда-құдағи болайық» деді. Ауызым ашылып, көзім бақырайып тұрып қалдым. Ол маған «сол күнге жеткізсін демейсің ба? Мен сырғамды алып келдім» деп қызыма сырға тақты. Осылай екеуміз қазір бір-бірімізді көрсек «құдеке» деп сөйлесеміз», — деді Ғұсман Қырғызбаев.

Айта кетейік, Париж олимпиадасының алғашқы алтынын Қазақстан қоржынына Елдос Сметов салды. Одан кейін дзюдодан қола жүлдені Ғұсман Қырғызбаев иеленді.