Олимпиадада жапондық спортшы көз жасын тоқтата алмағаны белгілі
Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы өзбекстандық Диёра Келдиёрова отандастарын жапон қарсыласы қарсыласы Ута Абэге лайықты құрмет көрсетіп, жағымсыз пікір жазбауды сұрады. Бұл туралы спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазған.
Олимпиадада Диёра Келдиёровадан ұтылған Ута Абэ көз жасын тоқтата алмады. Осыдан соң өзбекстандық жанкүйерлер танымал спортшының жеңілісті де лайықты қабылдай алмағанын айтып, түрлі сыни пікір жазған.
«Бүгін қарсыласым Ута Абэнің әлеуметтік желідегі жеке парақшасына өзбектердің көптеп сыни пікірлер жазып жатқаны туралы хабар естідім. Барша отандасымды спортшыларға жоғары құрмет көрсетуге шақырамын. Бұл, әрине, спорт, бізді біріктіретін күш! Біз дзюдо отбасымыз. Сондықтан жағымсыз пікір жазуды тоқтатуды сұраймын», – деді Диёра Келдиёрова Instagram-дағы ресми парақшасында.
Айта кетейік, Ута Абэ төртжылдық бәсекенің басты фавориті болды. Ол кейінгі бес жыл ішінде жеңіліп көрмеген (соңғы 47 белдесуін жеңіспен аяқтаған). Оны Париж Олимпиадасының 1/8 финалында өзбекстандық дзюдошы Диёра Келдиёрова иппонмен жеңіп, жарыс жолынан ығыстырды. Өзбекстандық дзюдошы одан кейін де тоқтап қалмай, Олимпиада чемпионы атағына қол жеткізді.