Спортшы екі күн бойы нәр татпай, орнынан тұра алмаған
Париж олимпиадасында қола медаль үшін күресте жеңілген Абиба Абужақынова дзюдодан 3 тамызда өтетін аралас командалық жарысқа қатысады. Қазақстан құрамасының атынан 57 келі салмақ дәрежесінде басқа қатысушы болған жоқ. 3 тамыз күні командалық сында Абиба Абужақынова, Эсмигүл Куюлова және Камила Берліқаш еліміздің намысын қорғайды. Бұл туралы Абиба Ұлттық арна тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Қазақстан дзюдошылары бразилиялықтармен белдеседі. Бұған дейін Абиба жекелей сында 48 келі салмақ дәрежесінде бесінші орын алды.
«57 келі салмақта күресемін. Арасында 2 келі салмақ айырмашылық бар. Барлық үміттеріңізді ақтап, барымды салып күресуге әрекет жасаймын. Себебі, бізде 57 келідегі қыз олимпиадаға келген жоқ. Жүрегімнің жартысы татамиде қалып кетті. 2028 жылы соны алып қайтуға келемін. Денсаулығым жақсы болса, бұйырса, күресуге барымды саламын. Сол жарыстан кейін 2 күн тұрмадым, тамақ ішпедім. Бірақ Қазақстан халқының қолдауының арқасында күш жинадым. Елімнің қолдауынан соң қайта күресуге құлшынысым оянды», - дейді Абиба Әбужақынова.
Айта кетейік, Абиба Әбужақынова Париж Олимпиадасын 5-орынмен аяқтады. Отандасымыз шешуші белдесуде швециялық 18 жастағы Тара Бабулфатқа есе жіберді.
Ол белдесу барысында жарақат алып, аяғының ауырсынғанын бірнеше рет байқатты. Алайда белдесу соңына таман ол өз мүмкіндігін жіберіп алды. Осылайша төртжылдықтың бас ойындарын 5-орынмен аяқтады. Айта кететін жайт, швециялық дзюдо биыл әлем чемпионатында үшінші орын иеленген.