Есмигүл Құйылова: Өзбекстанда қалсам дзюдоны тастап кетер ме едім...

Редактор
30.07.2024, 17:21

Қазақстан намысын қорғаған Есмигүл алғашқы белдесуінде аустриялық спортшыдан жеңілді

Сали Сабиров

Дзюдодан Қазақстан командасының мүшесі Есмигул Куюлова Олимпиаданың алғашқы айналымында сүрінгенімен, алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындалатынын жеткізді. Жарыстан кейін спортшы қыз сұхбат беріп, алғашқы олимпиадасында жіберген қателіктеріне тоқталды.

"Бұл менің алғашқы Олимпиадам. Бұған дейін Азия ойындарында және Азия біріншілігінде қола медаль алғанмын. Бірақ әлемдік Grand Slam турнирлерінде бір-екі айналымнан аспадым. Осы ойындарға жақсы дайындықпен келдім, бірақ қарсыласым тактикалық тұрғыдан алдымды орап кетті. Бапкерлерім сол жаққа абай болуымды шегелеп айтқан. Алайда, қарсыласым дәл сол жағымнан әдіс жасап кетті. Енді мен командалық сында белдесемін. Алғашқы қарсыласымыз - Бразилия құрамасы”, – дейді Есмигүл Құйылова.

Ол Өзбекстан елінде қалса спортты тастап кетуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

“Өзбекстанда туған қазақ қызы екенімді барлығы да білетін шығар. Егер сол жақта қалып қойсам, дзюдоны тастап кетер ме едім, кім білсін? Себебі, ол жақта жергілікті спортшыларға басымдық береді. Біз Абиба екеуміз бір залда, бір бапкерде жаттықтық. Абиба Қазақстанға кеткен соң, бапкерім мені де жіберді. Міне, елге оралып, Қазақстан атынан күресіп жүрген жайым бар.

Абиба менің әпкем, құрбым, қолдаушым. Жаңа белдесіп жатып та оның даусын естіп тұрдым. Ол әлемдік жарыстардан жүлде алып жүрген қыз ғо, кешегі жеңілісі ауыр тиді. Бірақ Абибаның қандай екенін білемін, бұл сәтсіздік оны тек шыңдайды", –  Есмигүл Құйылова.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасында дзюдодан 63 келіде Есмигүл Құйылова алғашқы белдесуінде аустриялық спортшыдан айласын асыра алмады.