Судың лас болғаны сонша, спортшының жүрегі айнып, құсып жіберген
Париж Олимпиадасында тағы бір спортшымыз жарысты соңына дейін жеткізбей аяқтады. Бұл жол триатлоншы Екатерина Шабалинаның велосипед дистанциясына келгенде денсаулығы сыр берген.
Sport24.ru сайтына сұхбат берген триатлет жүзу кезінде басына бірнеше рет соққы алғанын айтады. Өкінішке қарай, мұны төрешілер байқамаған.
«Төрешілерге жүзу кезінде болатын төбелестерді бақылау өте қиын, көрмей қалып жатады. Мен кеше басмнан бірнеше соққы алдым, салдарынан суға қақалып, бірнеше рет жұтуға тура келді. Содан мәреге жеткенге дейін жүрегім айнып, велосипед жарысында құсып жібердім», - дейді спортшы.
Ол дереу дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Оған дәрі-дәрмек жазып беріпті. Қазір емделіп жатыр.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасындағы триатлон жарысы Сена өзенінде өтті. Бұған дейін қатысушылардың өкілдері судың лас екеніне бірнеше рет шағымданған болатын. Алайда, ұйымдастырушылар жарыс өткізуге болады деген шешім қабылдаған. Тіпті, қала мэрі жұмыс уақытында өзенге келіп, бір сүңгіп шыққан.
Екатерина Шабалина Ресейден келген легионер. Ол 2020 жылы Қазақстан азаматтығын алып, сол уақыттан бері біздің елдің атынан жарыстарға қатысып жүр. Алайда, өзге легионерлер секілді шетелде өмір сүрмейді, Астанада тұрып, осында жаттығуын жасап жүр.