Тоқаевты қонаққа шақырған спортшы өз тойына кешігіп қала жаздады

Редактор
28.11.2023, 15:49

Ол өзімен бірге жаттығатын жігітке күйеуге шыққан

olympic.kz

Азия ойындарында стенд атудан екі дүркін жеңімпаз атанған Әсем Орынбай Президентпен кездесуде өзінің тойына қонақ болуын сұраған еді. Сыр еліне келін болып түскен мерген Катар астанасы Дохадағы әлем кубогында жеңіске жеткен соң тойына тікелей ұшып келгенін айтты.

Спортшының Алматы арқылы Қызылорда қаласына жеткенін Bassport.kz сайты жазып отыр.

Ол Әлішер есімді азаматқа тұрмысқа шықты. Айта кететін бір жайт, Әлішер де стенд атудан Қазақстан командасының қатарында өнер көрсетеді. 7 қараша күні Талдықорған қаласында ұзатылған Әсем тойдан кейін бірден жарысқа аттанған.  

«Ұзатылған соң Қызылордаға екі-үш күнге бардым. Содан соң дайындалып, Катардағы жарыстың финалдық кезеңіне кетіп қалдым. Енді міне, тойға ұшып келіп отырмын. Жолдасым да спортшы, екеуміз жарыстарға, жаттығу жиындарына бірге барамыз. Ата-енемнің түсінігі мол, олар біздің спорттағы мансабымызды қолдайды. Екі жақтағы ата-анамыздан да тек қолдау көріп отырмыз», - деді Әсем Орынбай. 

Спортшы қыз Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында командалық және аралас жұптық сында топ жарды. Сонымен бірге, ол әлем кубогының иегері.