Әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан олимпиадалық салмаққа ауысты

Редактор
29.11.2023, 11:03

Енді ол 97 келіде күреседі

olympic.kz

Еркін күрестен Белградта өткен әлем чемпионатында 92 келіде топ жарған Ризабек Айтмұқан олимпиадалық салмаққа ауысты. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов айтты.

Биыл отандық еркін күрес үшін әлем чемионатында Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын медальға қол жетіп отыр.

«Әлем чемпионатынан бір алтын, бір қоламен оралдық. Ризабек Айтмұханның араға жылдар салып тарихты жаңартқанын білесіздер. Азамат Дәулетбеков қола медальмен бірге, Олимпиада ойындарының лицензиясын жеңіп алды. Бізге әлі де жолдама керек. Жылдың соңғы жаттығу жиынын балуандар тауда өткізеді. 18 күн бойы тауда жаттығамыз. Жаңа жылда жаңа жарыстар күтіп тұр», - деді бас бапкер.

Мадияр Құрамысов жаңа маусым өте жауапкершілікке толы екенін алға тартты.

«Сәуір айында Бішкекте Азияның лицензиялық турнирі өтеді. Сол бәсекеде тағы да екі жолдама жеңіп алуды мақсат етіп отырмыз. Біздің балуандар үшін 57 және 65 келіде лицензия алу қиын болмақ. Себебі, бұл салмақтағы бәсекелестік әлем бойынша өте жоғары. Аталған турнирге үлкен дайындықпен баруды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, рейтингілік турнирлер мен Қазақстан чемпионаты да бар», - деді Құрамысов.

Ал келер жылдың басында Астанада өтетін Қазақстан чемпионатында лицензиялық турнирге қатысатын балуандар іріктеледі. Сол сында әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның да 97 келі салмақтағы мүмкіндігі белгілі болмақ.

«Ризабек олимпиадалық салмақ саналатын 97 келіге ауысты. Қазір ол Азамат Дәулетбековпен бірге Осетияда жаттығып жатыр. Бұл салмақта Әлішер Ерғали сынды балуанымыз барын да білесіздер. Кім мықты екені ұлттық чемпионатта шешіледі. Сол бәсекеде кім жеңсе, лицензияға сол таласады», - деді бас бапкер.